Тұңғыш заңгер және комиссар
ХІХ ғасырдың 80-жылдарының соңында қазақ даласында қоныс аударушыларға жер бөлу саясатының салдарынан қазақ елі талай қиындықтарды бастан кешірді. Осындай қиындықтар отаршылыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың бастауына айналды. Бұл қоғамдық қозғалыстардың басында сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Ғұмар Қарашев сынды көптеген зиялының қатарында Бақытжан Қаратаев та бар еді.
Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданындағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Ол Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1890 жылы оны ІІ дәрежелі алтын медальмен үздік бітіреді. Алған мамандығы бойынша Петербургте, Кутаисиде және Орынборда бірнеше жыл тергеуші қызметін істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болады. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1918 жылы облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланады. Сол жылы наурызда әскери үкімет бүлік ұйымдастырып, облыстық кеңес мүшелерін (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алады. 1919 жылы 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарады. 1919 жылы 24 шілдеде Қаратаев Қазақ әскери ревкомының мүшелігіне тағайындалады. 1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне делегат болды. Съезде қабылдаған Қазақ АССР-інің еңбекшілері құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АССР-інің заң комиссары болып, Кеңестердің ІІ Бүкілқазақстандық съезіне де делегат болып қатысты.
Сондай-ақ Дума отырыстарының арасында Б.Қаратаев «Жерге орналастыру және егіншілік» басқармасына барып, өкіметтің қазақ өлкесіндегі жүргізіп отырған жер саясатының көшпелі қазақтарға үлкен зиян тигізіп отырғанын, Дала өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату қажеттігін айтады. «Айқапта» жарияланған «Қазақ жері хақында» деген мақалада: «1907 жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Бірімжанов, Қосшығұлов һәм Нүрекенов бас министр Столипинмен, жер министрі дәрежесіндегі князь Васильчиковқа жолығып жер мұқтажын айтып сөйлейді. Қазақ депутаттары Қаратаевқа сөз тізгінін беріп еді, ол айта-айта келіп, былай дейді: «Қара шекпенділерді переселениеден тоқтату керек, Азиатск облыстарындағы қазақ жерлерін өлшеп, жақсысы қанша, жаманы қанша екенін білу керек, көшпелі һәм отырықшы қазақтарды жақсы деген жерлерге орналастыру керек, одан соң артық жерлер болса, переселение пайдасына шығару керек. Жаман жерлерін ешкім қызғанбайды». (Айқап», 1911, №11). ІІ Мемлекеттік Думаның аграрлық комиссиясының құрамында М.Тынышпаев пен Б.Қаратаев болды. Бақытжан Қаратаев Думаның аграрлық заң жобасын жасауға араласады. Қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты отырыстарда сөз сөйлейді. Ол Думаның 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысады. 16 мамырда мінбеден қазақ жерінде басы артық жердің жоқтығын, бар болса да, бұл жерлердің табиғи жағдайы қоныстандыруға келмейтіндігін, қоныстандыру басқармасы бұл жағдайлармен санаспаса, қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырайтынын ашып айтады.
Б.Қаратаев өзімен пікірлес депутаттар сияқты қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деп үміттенді. Өкінішке қарай, Дума алдына қойған жер мәселесіне қатысты істері ешқандай да қолдау таппады. Сондықтан да Б.Қаратаев елге құр қол қайтпас үшін Дала ережесіне қатысты мақалаларды, қазақтарға қатысты әртүрлі циркулярды жинады және де үлкен үмітпен бар талабын хат түрінде Думаның мұсылман фракциясына тапсырды.
Бұл Дума да 1907 жылы 3 маусым күнгі заң бойынша таратылды. Думаның таратылғанына қарсылық білдірген жиналыстар, митингілер күніге өтіп жатты.
Депутаттықтан кейін де халық үшін күресіп өткен Қаратаевтың елім деп еңіреген хан-сұлтанның қасиетті тұқымы екенін өзі ұйымдастырып, отырықшылар ауылын салғаны да дәлелдейді. Ол 1910 жылы Орал облысындағы Жымпиты уезінің Шідерті болысында сегіз көшпенді ауыл адамдары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін салған.
Бақытжан Қаратаев 1911-1914 жылдарда Ордада, Оралда және Астраханьда шығарылған демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетіне жан-жақты жәрдемдесіп және онда өз мақалаларын да жариялап отырған. Оның мақалалары қазақ еңбекшілеріне, зиялыларына терең ой берген, парасатты ақылға шақырған, халқы үшін қамқорлық болған үгіттер болды. «Қазақстан» газетінде жарияланған «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында Бақытжан «Балуан бірді, білімді мыңды жығады» деген ойды кең мағынада түсіндіре отырып, халқын ағартушылыққа, білімге шақырған. Алайда 1919 жылы 24 қазанда Б.Қаратаев Орал облыстық партия комитетіне Алашорданың батыс бөлімшесінде өзінің саяси, бейбіт келіссөз жүргізуге әзір екендігін хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ Ақтөбеде «кеңестік және кеңестік емес қырғыздардың» қатысуымен қазақ халқын бірлестіру жөніндегі І жалпы өлкелік кеңестік конференция өткізілді. Қазақ кеңестік мемлекеттілігін құрудың алғашқы маңызды қадамы жасалды.
1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне Б.Қаратаев делегат болды. Мұнда «Қырғыз (Қазақ) АССР-і еңбекшілерінің правосы туралы декларация» қабылданды. Тұңғыш қабылданған Қазақстан заңдарының біраз жобасы Б.Қаратаевтың қолымен дайындалды. Съезде Қазақ АССР-інің Орталық атқару комитетінің төрағасы болып С.М.Меңдешев, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып В.А.Радус-Зенкович сайланды.
Бақытжан Қаратаев Қазақ АССР-інің заң комиссары болып Орынборда қызмет істей бастады. Ол жаңа құрылған комиссариат қызметінің негізін қалаумен қатар, алғашқы декреттердің өмірге келуіне тікелей атсалысты.
Б.Қаратаев Кеңестердің Бүкілқазақстандық ІІ съезіне де делегат болып қатынасады. Құрметті демалысқа шыққаннан соң ол Ақтөбедегі туысқандарына көшеді. 1922-1925 жылдарда Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болып қызмет істейді. Өмірінің соңғы жылдарында Батыс Қазақстандағы азамат соғысының тарихын жазумен шұғылданған. 1934 жылы тамыз айының аяқ кезінде Б.Қаратаев Ақтөбеде ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.
Өз халқына осыншама еңбегі сіңген абзал ұлдары жөнінде бар дауыспен еркін айтуға тоталитаризм жылдарында мүмкіндіктер болмады. Енді бұл қате көзқарас түзетілуі тиіс. Қазақстанның азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы сапында әрқашанда Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаевтың есімі аталып, оның жарқын бейнесі халықтың есінде сақталмақ. Ол ІІ Мемлекеттік Думаның пленарлық мәжілістерінде де, өзі мүше болған аграрлық және басқа комиссияларда,одан тысқары , үкімет мекемелерінде де зор қажыр-қайратпен қазақ халқының мұң-мұқтажын жоқтады. 1908 жылғы маусымның 15 күнгі “Тургайская” газетінің №24 санында “К изданию киргизской газеты” атты мақала жарық көрді. Аталған мақалада Санкт-Петерборда қазақ тілінде газет, журнал шығару үшін қоғам ұйымдастырылғаны жазылады. Бұл қоғамды құруды қолға алған белгілі байлар И.Жаманшалов пен Рамьевтер болды. Империя астанасынан шығарылатын болашақ “Алаш” газетінің редакторлығына Б.Қаратаев шақырылады. Қазақ зиялылары “Алаш” атауының түп төркіні еркіндікті білдіретін қасиетті ұғым екендігін тамыршыдай тап басқан және редакторлыққа елге белгілі қайраткерді шақыруда біраз жәйтті аңғартса керек. Газет ұжымы егер болашақта шығарылатын газетке Б.Қаратаев редактор болса, жұмыстың өрге басатындығын Бақытжан Бейсәліұлын жалпақ алаш жұртының жақсы білетіндігін жаза келіп, алдағы жұмысына табыс тілеген. Өкінішке орай, газет жарыққа шықпаған сияқты. Бұқараны бір жұдырықтай жұмылдыруда Байтұрсынов айтқандай «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» боларлық газет шығарудың аса маңызды екендігін түсінген тұлға 1911-1913 жылдары алғашында Орда, кейіннен Орал қаласында Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қарашевтармен бірігіп «Қазақстан» газетін шығаруға мол үлес қосады. 1921-1924 жылдары ол Ақтөбе қаласында адвокаттардың губерниялық коллегиясының төрағасы қызметін атқарады. Езілген халықтың құқын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер. Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтерген қайраткер Өмірінің соңына қарай Б.Қаратаев ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған ұлт-азаттық көтерілістер және Қазақстандағы азамат соғысы тарихы туралы еңбектерін жазып қалдырды. 1931 жылы 16 тамызда Б. Қаратаев Орталық архив басқармасының ғылыми қызметкері болып тағайындалады. Басқарма Б.Қаратаевты, арнайы бағдарламасы бойынша, Қазақстанның 1916-1919 жылдар аралығындағы тарихын зерттеу мақсатында Ақтөбе, Орал, Саратов, Орынбор қалаларына іссапарға жібереді. Ол іссапарда жүріп мұрағат, кітапхана қорларымен жұмыс жасап, халқымыздың тарихына қатысты құнды деректер жинайды.
Алғашқы интелегенттің бірі. Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының “Құжаттарды пайдалану және жариялау ” тобы жан-жақтан тарихымызға қатысты мәліметтерді жинауға келген ізденушілерге, жазушыларға қызметін әрдайым ұсынып отырады. Жылдар бойы сөредегі құжаттарды сөйлетсе көптеген ғылыми жұмыстарға арқау болар ма еді. Мерзімді басылым – қоғам өмірінің айнасы. Мұрағат құжаттары көптеген диссертанттардың зерттеу объектісіне айналды
Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш азаматы Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлына қатысты құжаттардан Ақтөбе өңіріндегі жылдарына көз жүгіртсек, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толу қарсаңында “Алаш” деп елінің еркіндігін көксеп, ұлт мүддесі үшін күресіп баққан абзал азаматтардың бірі заңгер Бақытжан Қаратаев Бисәліұлы туралы мақалалар, газеттер бетінде аз жазылып жатқан жоқ. Онда тек біреулердің айтқаны, естігені жазылса біз нақты құжаттар арқылы көрнекті тұлғаның Ақтөбе өңірінде жүріп өткен жолдарын, еш жерде жарияланбаған суреттерін құжат бетінен көрсеткіміз келді.
Орынбор сотының жанындағы қорғаушылар коллегиясының мүшесі Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев 1925 ж. 25 қыркүйегінде Ақтөбе губерниялық қорғаушылар президиумына Ақтөбе губерниялық сотының жанындағы қорғаушылар мүшесіне қабылдау туралы және 21.08.1928 ж. Ақтөбе өлкелік сотқа қорғаушылар коллегиясына мүше болуға өтініштері тіркелген.
Халықтық Әділет Комиссариатының анкетасында мына төмендегі мәліметтер өз қолымен толтырылған: «Орал губерниясы, Жамбейіт уезі, Жақсыбай болысының №3 ауылында дүниеге келген, мамандығы- заңгер, 1878-1886 жылдары Орынбор гимназиясын, 1890 ж. С-Петербург университетінің заң факультетін бітірген, қандай партияға мүше болғаны- 1905-1914 ж. кадет , 1914-1917 ж. РСДРП , 1917 ж. мамырынан большевиктер партиясына мүше (билет № 512441), 1907 ж. Мемлекттік ЙЙ Думаға депутат, қандай әкімшілік жауапқа тартылған деген жолдарға “ жоқ”, Орал әскери казак үкіметінің нұсқауымен 15.04.1918 ж.-24.01.1919 жылдары Орал түрмесінде болғанын толтырған ( ақ казактардың төңкерісі кезінде атқару комитетінің басқа мүшелерімен бірге отырғанын айтқан болар). 1917 жылдың мамыр айынан коммунистік партияға мүше». Осы мәліметтерді жеке ісіне толтырғанда 65 жаста болыпты.
Қызыл гвардия және Қызыл партизан Ақтөбе қалалық бюросы құжаттарында Азамат соғысына қатысушы (1917-1921 ж.) 459 нөмірлі қызыл партизан куәлігі 1931 ж. 04 тамызда берілген суретінде үлкейген шағында түскен бейнесі сірә, Бақытжан Бейсәліұлының соңғы кезі болар. Ақтөбе қалалық Кеңесінің 27.08.1929 ж. берген анықтамасында Б. Қаратаевтың Қызыл Армия қатарында 01.02.1918-01.12.1919 ж. ж. аралығында болғанын дәлелдеп, жеңілдік берілгенін куәлік дәлелдейді.
Балалары Аббас, Шәміл, Мұрат та әке жолында оқып-өніп елге қызмет етуге барынша үлесін қосар ма еді, кім білсін, егер жаппай елде тазарту науқаны жүрмегенде. Үлкен ұлы Қаратаев Аббас (құжатта осылай) Бақытжанұлы 1893 жылғы, Оңтүстік Қазақстан (Шымкент) облысындағы Бричмола кен басқармасында тау жыныстарының технигі, Ақтөбе қ., Владимировская көшесі, 54-ші үйде мекендеген. Бұл 19.03.1933 жылғы мәліметтер.
Ұлы Қаратаев Шәміл Бақытжанұлы 1899 ж. туған, 1920 ж. партия қатарында, РКП (б) 5-ші Ақтөбе губерниялық партия конференциясына делегат болып сайланғанда Темір уездік атқару комитетінің төрағасы атынан толтырған анкета 12.03.1925 ж. жазылған. Балалары Бақытжанның ұлдары болған соң жазықсыз қудаланды. Оны әкесі көзі тірісінде көрмей кетті...
Ел есінде қалатын тұлғалар санарлықтай, олардың есімі мәңгі сақталады. Облыстық атқару комитетінің 20.01.1967. ж № 16-2 шешімімен Ақтөбе қаласында Б.Б. Қаратаевтың атына көше берілді.
(Ақпарат Батыс-Қазақстан облысының тарихи-өлкетану
мұражайы мен «Алаш айнасы» Республикалық
қоғамдық-саяси күнделікті газет сайттарынан және
де мұрағатта сақталған құжаттар негізінде дайындалды.)