Ақтөбе облыстық сотына 80 жыл

Ақтөбе облыстық сотына 80 жыл
Аумағына Ақтөбе облысы енген Торғай өлкесінің революциялық кезеңге дейінгі сот жүйесіне хандық заңдары бойынша сот төрелігін жүргізген дүниежүзілік судьялар, басшылар, болысты басқарушылар, аумақтық соттар мен сот палаталары кірген.
Жалпы империялық сот жүйесімен бірге билер мен қазылар соты болған, олар 3 құрамнан тұрған: дара билер, билердің болыстық съезі, төтенше жағдайлар бойынша билердің съезі. Бұл соттар істерді қазақ халқының жалпы құқықтық ережелері бойынша қаралды. Осы кезеңдегі сот жүйесінің тарихы - Кіші Жүздің ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ мемлекетінің саяси құқықтық жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосқан, танымал биі Әйтеке бимен тығыз байланысты. Әйтеке би ауданының орталығында елдің біртұтастығының сақталуына, жоңғар-қалмақ басқыншылығынан қорғауды ұйымдастыруға баға жетпес үлесін қосқан мемлекеттік қайраткердің атына мемориалдық мұражай ашылған. Танымал тарихи зерттеуші А.Левшин «қырғыз-қайсақ» жазбасында Тәуке ханмен бірге Әйтеке би де «Жеті Жарғыны» жазушылардың бірі екендігі туралы айтқан. Орынборлық оқыту-мұрағаттық комиссиясының «Народный суд» атты мұрағаттық еңбектерінде Тәуке ханның және де басқа қазақ билерінің қызметі туралы түсіндірмелер жан-жақты жазылған. Ол Л.А.Словохотовтың редакциялауымен «Кіші Орда қырғыздарының қарапайым құқығы» атты мақаласында да кездеседі. Ақтөбе облысының аумағында қазақ халқының құқықтық нормалары мен салт-дәстүрлерін толыққанды зерттеп, меңгерген және де өздерінің шешендік талантымен, жан-жақтылығымен, әділеттілігімен Мөңке би, Есет Көтібарұлы, Аламан би, Былшық би, Әжібай би, Келаман би, Жаныс би, Қаратау би, Опа би, Жетес би, Саржан би, Алмат би және басқалары ерекшеленеді. Бұл деректер халық арасындағы билердің алар орны ерекше екендігін көрсетеді. Олардың жұмысы сол замандағы құқықтық қатынастардың қалыптасуына ықпалын тигізген.
1920 жылы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) АССР-ның құрылуынан кейін халық соттарының құрылуы басталды. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Ақтөбе губерниялық халық депутаттары кеңесінің кассациялық сот органы болып 1921 жылы 21 қыркүйекте құрылған. Оның құзіретіне халық соттарының жұмысын бақылау, сот үкімдеріне, шешімдеріне қатысты жеке және кассациялық шағымдарды қарау, халық сотының әрекеттеріне келтірілген кассациялық және жеке шағымдарды қарау кіреді. Бұл сот органы өз жұмысын 1923 жылы 23 сәуірде аяқтады.
1923 жылы 2 мамырда Ақтөбе губерниялық соты ашылды. Оның құзіретіне учаскелік судьялардың жұмысын бақылау, қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық сатыда қарау, бірінші сатыдағы байлардың мүлкін тәркілеу сияқты істерді қарау жатқан. Жалпы губерниялық сот қызметі негізгі 9 бөлімнен тұрды.
Ақтөбе губерниялық сотының алғашқы төрағасы Құлымбетов Ғалымжан болды. Ол 1924 жылға дейін сот төрағасы қызметін атқарған. Одан кейін Наренов Мұхамедғали губерниялық соттың төрағасы болып: Құлымбетов Ғалымжан сот төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ақтөбе губерниялық сотының 15 учаскесі болды. Сол учаскелерде губерниялық соттың мүшелері және судьялары болып: Тарануха Иван, Медетов Ганбар, Бердалиев Кулмаганбет, Абдрахманов Рахим, Чертов Ефим, Бакиев Шакир және т.б. жұмыс жасады. 1927 жылдың соңына қарай Губерниялық соттың төрағасы болып А.Кенжеғалиев тағайындалды.
Қаз ОАК-нің 3-ші сессиясының шешімі бойынша 1928 жылдың 6 мамырынан бастап әкімшілік-аймақтық басқаруға аймақтық және аудандық басқару жүйесі енгізілді. Осыған орай 1928 жылы 4 тамызда губерниялық бөлімдер жойылғаннан кейін Ақтөбе аймақтық халық соты құрылды. Бұл сот соттардың , нотариалдық кеңестердің жұмысын қадағалау, 1-ші сатыдағы азаматтық, қылмыстық істерді қарау, кассациялық тәртіпте халық сотының қаулыларын қайта қараған. Аймақтық соттың алғашқы төрағасы А.Кенжеғалиев, ал 1929-1930 жылдары төраға Газизов Михаил болды.
Бүкілресейлік атқару комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесіндегі шешімі бойынша 1930 жылдың 17 желтоқсанында Ақтөбе аймағы жойылып, аудандар бекітілді.
1932 жылы Кеңестер Одағы Компартиясының Орталық комитеті Қазақстанда облыстың құрылу қажеттілігін мойындады. Бұл әрине аудандардың нығаюына, шаруашылық басқару жүйесін жақсарту және құрылыс мәдениеті, мемлекеттің экономикасын барынша жақсартуда маңызды рөл атқарды.
1932 жылдың 20 ақпанында Ақтөбе облысы құрылды (10 наурыз 1932 жылы Бүкілресейлік Орталық атқару комитетімен бекітілді). Облыс құрамына 17 аудан кірді.
1932 жылдың 12 наурызында Әділет Халық комиссариатының №6 бұйрығымен Ақтөбе облыстық соты құрылды. Ақтөбе облыстық сотының құрамында облыстық сот президиумы, қылмыстық, азаматтық істер бойынша кассациялық алқалары болған.
Облыстық соттың негізгі мақсаты социалистік құрылым мен революциялық заңдарды нығайту. Сот төрелігін жүзеге асырушыларды қызметке тағайындау үшін облыстық депутаттар кеңесі 5 жыл мерзіммен сот төрағасын, сот төрағасының 2 орынбасарын, сот мүшелері мен халық қосшы билерін сайлады.
1932 жылғы облыстық сотта 4 құрылым болған.
1. Облыстық сот төралқасы.
2. Қылмыстық сот коллегиясы
3. Азаматтық сот коллегиясы
4. Ұйымдастыру-нұсқау бөлімі: қаржы, статистика, тексеріс, кадр бақылаушысы және арыз-шағымдар бақылаушысы қызметкерлерін біріктіріп отырды.
1938 жылға дейін облыстық сот – сот әділдігін ұйымдастыру және сот басқару мәселелеріне байланысты Қаз ССРның Әділет Халық комиссариатына тікелей бағынышты болды. Ең алдымен сот әділдігі мемлекеттің өзгеше қызметі ретінде өз қызметін сот еркіндігі мен заңға тікелей бағынумен іске асты.
Ақтөбе облыстық соты құрылған күннен бастап оның құзырына қалалық және аудандық соттар тікелей бағынышты болды. Олардың құрамына 25 сот енді. 1936 жылы Қызыл-Орда және Қостанай облыстарының құрылуына байланысты Ақтөбе облысының бірнеше аудандары аталмыш облыстардың құрамына енді. Осыған орай облыстық соттың құрамынан аудандық соттар саны азайып, жалпы облыстан 11 аудан кеміді.
1936 жылдың қараша айында Қаз ССРның Әділет Халық комиссариатының бұйрығымен Ақтөбе облысы бойынша Жоғарғы соттың арнайы коллегиясы құрылды. Оның құзыретіне революцияға қарсы шығушыларға арналған қылмыстық істерді қарау енді. 16 тамыз 1938 жылғы КСРО-ның сот құрылымы заңын қабылдауына сәйкес Ақтөбе облысы сотының басқару және қызмет жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Облыстық соттың 6 құрылымы қысқарып, 1939 жылы облыстық сот құрамы қылмыстық сот және азаматтық алқадан құрылды.
1939 жылы Ақтөбе облысы бойынша Қаз ССР жоғарғы сот коллегиясының қызметі қысқартылып, оның құзіретін Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық-сот алқасы атқарды. «Сот құрылымы заңы» облыстық сот қызметінің негізі – сот әділдігін жүзеге асыру екендігін айқындады. Ал, сот басқару қызметін (қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау, олыстық соттарды қаржыландыру, тексеру, халық соттарын нұсқаушылықтан өткізу және т.б.) 1939 жылы құрылған Ақтөбе облысының еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің жанындағы Қаз КСР Әділет Халық комиссариаты сот басқару ұйымы құзыретіне берілді.
Облыстық сот құрылымы мен қызметінде 1939-1947 жылдар аралығында ешқандай өзгерістер болған жоқ.
1947 жылдың 1 шілдесінде облыстық соттың штаттық кестесінде 3 бөлім, 17 қызметкер жұмыс жасаған. Бөлімдер: негізгі бөлім және секретариат; қылмыстық сот алқасы, азаматтық сот алқасы.
1956 жылы Әділет министірілігінің таралуына байланысты сот қызметі басқармасының құзіреті облыстық соттардың қызметіне беріліп, сол уақыттан бастап облыстық сот Президиумы өз жұмысын қайта жаңғыртты. Облыстық сот президиумының құзырына: азаматтық және қылмыстық істердің заңды күшіне енген сот үкімі мен шешімдерін қадағалау және облыстық сот жұмысын талқылау енді. Президиум құрамы Облыстық халық депутаттары кеңесі сесиясында сайланды. Президиум құрамы 4 мүшеден және төрағадан тұрды.
1965 жылдың 12 шілдесіндегі Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының үкімі бойынша облыстық сот негізіндегі Батыс Қазақстан өлкелік соты таратылып, Ақтөбе облыстық соты қайта құрылды.
1970 жылдың 1 қазанына дейін облыстық сот өз қызметіне байланысты мәселелер бойынша Қаз КСР Жоғарғы сотына бағынды. Ал, Ақтөбе облыстық сотына Ақтөбе қалалық, Алға, Байғанин, Октябрь, Мартук, Ойыл, Хобда, Комсомол, Қарабұтақ, Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Ленин, Новоресей, Темір, Пролетар, Фрунзе аудандық соттары бағынды.
1970 жылдың 1 қазанынан бастап Қаз КСР Әділет министрлігі құрылуына байланысты аймақта Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің әділет бөлімі құрылды. Осыған орай облыстық сот Қаз КСР Әділет министрлігіне бағынышты болды. Ал, халық соттарының статистикасы облыстық әділет бөлімінің атқару комитетіне берілді. Облыстық соттың ұйымдастыру қызметінің іс-қағаздары әділет бөліміне берілді.
Мұрағатта сақталған құжаттарда облыстық соттың алғашқы төрағасы Құлшаров Қалау 1932 жылдың 6 наурызынан 1933 жылдың қазан айына дейін қызмет атқарды. Мұрағатта сақталған Құлшаров Қалау Құлшарұлының БКП(б) есеп карточкасының деректеріне сүйенсек, ол 1896 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ, білімі 2 сыныптық бастауыш мектебін, 2 сатылы саяси мектепті тәмамдағаны туралы мәліметтер жазылған. Еңбек өтілі: 1917 жылдан 1922 жылдар аралығында пошта жүйесінде, 1923 жылдан бастап сот жүйесінде қызмет жасалғаны белгілі болды. Сот жүйесіндегі қызметін Калмыков қаласында бастаған. 1922 жылдары Орал өңірінде губерниялық соттың төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 1928-1930 жылдары Гурьев аймақтық сотының төрағасы, 1930-1932 жылдары Алматыда халық комиссариатында нұсқаушы болып қызмет атқарған. 1931 жылдан бастап Жоғарғы соттың мүшесі болады. 1932 жылдың 6 наурызынан Ақтөбе облыстық соттың төреағасы болып тағайындалды.
Ал, 1933 жылдың қазан айынан бастап облыстық соттың төрағасы болып Кириенко Иван Яковлевич тағайындалды. Мұрағатта сақталған құжаттарға, яғни БКП(б) есеп карточкасының мәліметтері бойынша: 1894 жылы дүниеге келген, ұлты украин, училище бітірген, 2 сатылы саяси мектепті тәмамдағаны туралы мәліметтер бар. Еңбек өтілін 1917 жылдан егіншіліктен бастаған, 1919-1920 жылдары ауылдық советте секретарлық қызметін атқарған. Сот жүйесінде 1920 жылдан сот қызметінен бастаған. Ол ревтрибунал, губсудта, Қостанай, Павловский аймақтық сотында, Федоровский соттарында қызмет еткен. 1933 жылдың 15-ші шілде айынан Ақтөбе облыстық жоспарлау бөлімінің төрағасы болып қызмет еткен. 1933 жылдың қазан айынан облыстық соттың төрағасы болып тағайындалды. Мұрағатта сақталған партиялық құжаттарда Кириенконың төрағалық етіп қол қойғаны сақталған.
1937 жылдың 15 тамызынан бастап облыстық сотың төрағасы болып Давлетов Меңдияр Сариевич тағайындалды. Ақтөбе облысы бойынша партия комитетінде сақталған коммунисттің жеке ісінде М.С.Давлетов 1892 жылдың қазан айында Қостанай облысы, Шыңғырлау ауданының, №3 ауылында шаруа отбасында дүниеге келгенін, ұлтының қазақ екені туралы мәліметтер жазылған. Білімі -7 сыныптық мектеп. Еңбек өтілін 1917 жылы мұғалімдіктен бастаған. 1923 жылға дейін ұстаздық қызмет жасап, 1923 жылдан бастап Орал, Орда қалаларында партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған. 1934 жылдан 1937 жылға дейін облыстық партиялық коллегиясының секретарь қызметін атқарған. М.С.Давлетов облыстық соттың төрағасы болып 1937 жылдан 1944 жылға дейін қызмет атқарды.
1944 жылдан бастап облыстық соттың төрағасы болып Жайлыбаев Шашим тағайындалды. Коммунисттің жеке ісіндегі деректерде Шашим 1901 жылы Семей облысы, Дегелең болысы, Қарқаралы уезінде, шаруа отбасында дүниеге келген. Білімі орташа, 2 сыныптық училище, республикалық заңгер курсын бітірген. Еңбек жолын 1917 жылы станцияда табельщик қызметінен бастаған. 1920 жылдан бастап Дегелең болысында милиционер болады. Кейін Семей, Аягөз прокуратурасында секретарь қызметін атқарады. 1932-1934 жылдар аралығында Қарағанды облыстық сотының, 1934-1936 жылдар аралығында Алматы облыстық сотының мүшесі қызметін атқарады. Еңбек жолын сот және адвокат саласында жалғастырып, 1942-1943 жылдары Жұрын аудандық сотының халық соты қызметін атқарады. 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап Ақтөбе облыстық сот төрағасының орынбасары қызметіне ауысты. 1944 жылдың қыркүйек айынан бастап 1953 жылдың наурыз айына дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды. Отбасы жағдайы бойынша жолдасы, балалары және анасының бары көрсетілген.
1953 жылдан 1956 жылдың қазан айына дейін облыстық сот төрағасы болып Ақпамбетов Мақпалбай Қожахметұлы қызмет етті. Мұрағатта сақталған жеке ісінде М.Қ.Ақпамбетов 1920 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Білімі орташа. Еңбек жолын 1940 жылы Құланды ауылында ұстаздықтан бастаған. 1947 жылға дейін ұстаз, мектеп директоры болады. 1947 жылы Әділет министірлігі жанындағы Алматы заңгер мектебіне түсіп, 1948 жылы бітіреді. 1949 жылы Жоғарғы соттан тәжірибеден өтеді. 1949 жылы Ақтөбе облыстық сот төрағасының орынбасары болып қызмет жасайды. 1953 жылдың наурызынан бастап 1956 жылдың наурыз айына дейін облыстық соттың төрағасы болып қызметін атқарады. Отбасы мәселесі жағдайына қатысты жолдасы, 3 қызы және 1 ұлы бар екені туралы мәліметтер жазылған.
1956 жылдан 1980 жылға дейін К.С. Сахипов пен 1980-1986 жылдар аралығында А.Т.Тұрмағамбетов абыройлы еңбек еткен болатын. Ал еліміз тәуелсіздік алған тұста Ақтөбе облыстық сотында Кейкин Қойшы Салықұлы төрағалық етті. Кейкин Койшы Салықұлы 1952 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын аяқтағаннан кейін, өзінің еңбек жолын Гурьев облыстық адвокаттар алқасында адвокат қызметінен бастады. Содан кейін бірінші нотариалды кеңсесінде аға нотариус қызметін атқарғаннан кейін, 1955 жылдың қантар айында Қойшы Салықұлы Гурьев облыстық Балықшы аудандық сотында халық соты болып, Гурьев қалалық халық сотының төрағасы, 1978 жылдың қазан айында Торғай облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. 1986 жылдың қазан айынан бастап 1995 жылдың қазан айына дейін Ақтөбе облыстық сотын басқарды, мінсіз, абыройлы, кәсіби деңгейі жоғары басшы бола білді. Ол ҚР Президентінің жарлығымен облыстың ең алғашқы судьясының жоғары біліктілік сыныбының иегері атанды. 2009 жылдың 4 қыркүйек айында 78 жасында өмірден өтті. Облыстық сотта әр жылдары сот әділдігі үшін өз күш-жігері, білімі мен ақылын әділдік жолында сарп еткен абзал азаматтар болған. Олардың ішінде облыстық сотта ұзақ жылдар қызмет еткен халық соттары бар, атап айтсақ, Мустафин Мұқан, Құрманғалиева Райса Бекқызы, Бекмұхамедов Ғазиз Сейтмұхамедұлы, Қазин Төремұрат, Мырзағалиев Меңтай, Сисенов Умарғали, Абубакирова Сая, Мұхамедалин Әндеш, Жұбаниязова Жаңғақ, Балодис Людмила және тағы басқа халық соттары қызмет етті.
(Мұрағатта сақталған құжаттардың деректері бойынша әзірленді.)