Шығанақ - бағындырған шың

ШЫҒАНАҚ-БАҒЫНДЫРҒАН ШЫҢ
Әлемдік рекордты жаңартып, атағы әлемге жайылған ақ тарының атасы -Шығанақ Берсиевтің туғанына биыл 130 жыл толды. Жер ананы ерінбей мәпелеп, оның дархан байлығын ел игілігіне жарату үлгісін кейінгі ұрпаққа үлгі еткен жерлесіміз туралы талай шығармалар мен мақалалар жазылды. Соғыстың отты жылдарында орынды істің қол басшысы бола білген Шығанақ Берсиев – шын мәнінде еліміздің айбынын танытып, рухын көтеретін ұлы іс атқарған. Оның жемісі тары! «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп тарының қуатын Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы азаматтар хаттарында орынды баға берілген.
Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат қорындағы Шығанақ Берсиевке қатысты құжаттарда, ол 1881 жылы Ойыл ауданы, Ащы Ойыл ауылдық кеңесіндегі қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Отбасында жеті адам: әке-шешесі, ата- әжесі, інілері Таңатар мен Түнқара және өзі.
Шығанақтың әкесі Бердісүгір (Берсе) аңшылық, балықшылық, егіншіліктен аты шыққан азамат болған. Анасы Шәлік он саусағынан өнері тамған тігінші, тоқымашы тіпті темір соғып, күмістен алқа, әшекей бұйымдар соғатын зергер болған. Ата-анасынан алған тәрбиемен Шығанақта жастайынан еңбекке араласады. Ол 7 жасында Орал қаласындағы екі кластық орыс мектебіне ауызша есепке қабылеттілігімен, аса зеректігімен оқуға қабылданады, кейін елін сағынып қайтып келеді. Ойылға қайтып оралған ол Көкжар жәрмеңкесіндегі шайханада есепші болып жұмыс жасайды. Одан кейін Атырауда 2 жыл балық аулаушыларға жалданып қайық есуші де болған.
XX ғасырдың 20 жылдарындағы елдегі күйзеліс Шығанақ отбасын Қоңыратқа көшуге мәжбүрлейді. 1923-1924 жылдары елге қайта оралып отбасымен егін салуға кіріседі. Олар алдымен туған жер қойнауына ұраға көмген тұқымдық тарыларын егіп, оны уақытылы күтіп, одан мол өнім алып, ауыл-аймаққа аты шығады.
1929 жылы колхозға кіріп, қатардағы колхозшы, кейін оның белсенді ұйымдастырушысы болады. 1930 жылы аз көлемде суармалы тары егісінен мол өнім алып, жаңадан құрылған шаруашылықтың алға басуына үлес қосты. Кейін 1935 жылдары тарының өнімді деген бастарын жинап, тек сұрыпталған тарыны егуге кіріседі. Басы ірі масақтарды таңдап оларды егу барысында басты жетістіктерге жете бастады. Шығанақ: «Егіске сапалы тұқым себу арқылы ғана 20 пайыз қосымша өнім алуға болады», - дейді екен. Егер ол 1937 жылы 36 гектар жердің әр гектарынан 23,3 центнер өнім алса, 1938 жылы 36 гектардың әр гектарынан 24,5 центнер өнім алынады.
1938 жылы Шығанақ Берсиев «Құрманов» атындағы ұжымшарының звено жетекшісі болып сайланды. Оған тұңғыш тарышылар звеносын басқару жауапкершілігі тапсырылады. Осы күннен бастап Шығанақ колхозды двигательдендіру мақсатында жұмыс жасап, облыстық шаруашылық, су шаруашылығы мекемелерінде болып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы П.И.Яковтың қабылдауында болады. 1939 жылы 18 аттың күші бар двигатель іске қосылып, 32 гектар суармалы егістің әр гектарынан 25 центнерден өнім жинайды. 1940 жылы 32 гектардың әр гектарынан 87,5 центнер, 4,5 гектардың әр гектарынан 102,7 центнер, 3,25 гектардың әр гектарынан 125 центнерден өнім алып алғашқы рекордына қол жеткізеді.
Тарлан тарышының бұл жетістігі кішкентай ғана Ойыл өңірін бүкіл әлемге танытты. Шығанақ осы алғашқы табысы үшін Ленин орденімен марапатталды. Ол өзінің тынымсыз еңбегі арқылы үлкен жетістікке жетерін біле отырып, ұйымдастыру жұмысына кірісті. Алдымен ол көбіне талапты жастардан звено құрды. Оларға суармалы егіншілік өнерін үйретті, ерінбей көзін тауып еңбек етілсе, пайдалы агротехникалық шаралар жүйелі қолданылса, тарыдан жылма-жыл тұрақты және биік өнім алуға болатынын ұқтырды.
Оның жеткен жетістігі арқылы игілікті тәжірибесі баспа және көрме арқылы елге жайылды. Онсыз Республикада озат диқандардың кеңестері өтпейтін болды. Сондай кеңестердің бірінде Шығанақ Берисевтен тарыдан осыншама мол өнімді алудың қандай сыр құпиясы бар екендігін айтып беруін өтінгенде, ол: «Мұнда ешбір құпия жоқ. Мен өсімдіктермен тілдесе білем. Олардың бірі шөлдедім, бірі қарным ашты, мен олардың мұқтажын дер кезінде өтеп тұрамын», -деп қайырған жаубын.
1941 жылы әр гекартардан 165 центнерден, 1942 жылы әр гектардан 175 центнерден, ал 1943 жылы әр гектардан 201 центнер өнім алып төртінші әлемдік рекордын жүзеге асырды. Ш.Берсиевтің жеткен жетістігі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен ыстық ықыластары мен хаттары ағылып жатты. Олардың ішінде академик Т.Д.Лысенкодан келген хат еді.
1943 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне барғанда академик Т.Д.Лысенкомен, басқа да ғылым қайраткерлерімен танысып, пікір алысады.
Ш.Берсиевтің тәжіриебиесі кең өріс тапты. Диқандар тары молшылығы үшін жарысқа шықты. Бірқатар шаруашылықтарда «берсиевшілер» звенолары, бригадалары құрылды. Олардың көбісі әр гектардан 300-400, ал кейбірлері 600-900 пұттан өнім өсірді.
Шығанақтың үздік тәжірибесінің нәтижесі практиктер өмірінде ғана емес, ғылым саласында да кездеспеген құбылыс еді. Бұл ғалымдарды қатты ойландырып, олар оны терең зерттеді. Шығанақ агрономия ғылымына қосқан үлесін сүйіспеншілікпен мойындады. В.И.Ленин атындағы Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясы өзінің арнайы хатында Шығанақ Берсиевті халық академиясын тамамдаған, тары өсіруде ғалымдардан озған, тәжрибе академигі деп, оған үлкен құрмет көрсеткен.
Берсиевтің игілікті ісі басқа жандарға да үлгі болды. Солардың ішінде Ырғыз ауданынан Ашамбаев 1943 жылы гектарынан 206 центнер, ойылдық Сокуров 203, көршілес колхоздан Зауре Баймолдина 175 центнер өнім алып, жетістікке жетті.
«Қалауын тапса қар жанады» халық нақылына сәйкес жерлесіміз болмасты болдырып, бар ынта жігерімен еңбек етіп, қиын күндерде халқына медет бола алған қайсар азамат.
Сталинге хатында 3 ұлының қан майданда жүргенін айта отырып өзінің жеке қорынан 20 мың рубль, сонымен қатар 100 пұт нанды Қызыл әскер қорына «Колхозник Казахстана» танк колоннасы құрлысына тапсырғандығын жазады. «Отан алдындағы борышты бірге өтеу үшін 63 жасыма қарамастан майданға барымша көмектесемін және 1943 жылы гектарынан 200 центнер тары алуға серт беріп, уәдесін аброймен ақтап шығам» - делінген. Ғылымда дәлелдегендей қарапайым тарының дәні 5 грамм болса, Шығанақтың ақ тарысы 7-8 грамм болған.
Осы сәтте Ғабиден Мұстафиннің 1944 жылғы 26 қыркүйектегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған очеркіндегі : « Шығанақ тарылары тарының бағланы сияқты. Ыстыққа шыдамды, дәні салмақты, әрі түсімді, баданадай ақ тары шайға салсаң сүт, сүтке салсаң май болады да шығады» , -деген бағасы еріксіз ойға оралады.
Тарлан тарышы туралы Мәскеуден шығатын «Новый мир» журналының тілшісі Г.С.Фиш «Болмайтынды болдырған» («Человек сделавшый невозможное») деген очерк жарияланды. 1948 жылы аталған очерк «Огонёк» журналында басылды. Кейін 1950 жылы немістің ақыны Бертольд Берхт «Шығанақ» атты поэма жазды. Поэмада көшпенді жұрттың ұрпағы өз жерін қаншалықты сүйсе, жер анасы баласына еміреніп оған өнімін екі есе етіп қайтаратындығы баяндалған. Поэманы Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының ректоры, профессор М.Ғ.Арын мен ақын Қ.Шаңғытбаев қазақ тіліне аударды. 1997 Ойыл ауданын Бертольд Берхттың ұрпақтары, жас ғалымдар атақты тарышының туған жеріне әдейі келіп, поэма желісінде опера жазу барысында ғылыми ізденіс жасады.
Ш.Берсиев 1944 жылы мамырдың 28-не қараған түнде «Құрман» колхозында қайтыс болды. 1944 жылдың 31-індегі «Сталин туы» Ойыл аудандық газетінің номері тұтасымен Ш.Берсиевке арналған. Ақтық сапарға ақ тарының атасын шығарып салуға аудандық клубта 1114 кісі жиналды.
Ақ тарының атасы –Шығанақ Берсиевке арналған пирамида 1946 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы "Құрманов" атындағы совхозында тұрғызылды. Оның жобасын қазақтың тұңғыш сәулетшісі Төлеу Бәсенов сызған.
Ш.Берсиев – ғылым, мәдениетке құмар еді. Ол өзінің ұл-қыздарының барлығын да оқытып, тәрбиеледі. Ұлдары Махмут, Айт жоғарғы дәрежелі мектептерді бітірді, екі қызы оқытушы, төрт ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Қызыл Армия қатарында. (31 май, 1944 жыл «Сталин туы»)
Ардақты атамыз өнегелі ісімен елінің тарихында өзінің лайықты орнын тапты. Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық колледжіне 2007 жылы тарлан тарышы-Шығанақ Берсиевтің аты берілді. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында Ш.Берсиев атында көше және қалалық саябақта бюсті қойылған. Ойыл аудандық өлкетану музейіне Ш.Берсиев атына беріліп, оған арналған экспозициясымен толықтырылған.
Облыстық мемлекеттік мұрағатта Ш.Берсиевтің өмірбаяндық құжаттары, араб әрпімен жазылған күнделіктері, майдандағы жауынгерлер мен жеке адамдардың алғыс хаттары, құттықтау хаттары. Ш.Берсиев туралы газет-журналдарда жарық көрген мақалалар, көз көрген замандастарының жазба естеліктері, фотоқұжаттар, басқа да көптеген құнды қағаздар сақталуда.
(Бұл мақала Ақтөбе облыстық мемлекеттік
мұрағатының қорындағы атағы ақ тары
өсірумен сол кездегі Кеңес еліне мәлім болған,
озат егіншіліктің хас шебері, орденді Шығанақ
Берсиевтің жеке құжаттық ісінен мәліметтері
арқылы дайындалды.)