Ақтөбе облыстық мұрағат құжаттарындағы ашаршылық ақиқаты

Ақтөбе облыстық мұрағат құжаттарындағы
ашаршылық ақиқаты
Етек алған ашаршылыққа байланысты РК(б)П Орталық Комитеті 1921жылғы 17 шілдеде партияның барлық мүшелеріне арнайы үндеу жолдады. «Ашаршылық» — делінді үндеуде, — тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі денгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанының да салдары». Партия құжаттарында көрсетілген себептермен бірге жаппай ашаршылық, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады. Ашаршылықтың адамды ауруға, індетке ұрындырады, қырғынға ұшыратады. Ашаршылық - бұл жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы емес, ол бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі.
1919-1922 жылдардағы аштық. Қазақстандағы 1919-1922 жылдардағы аштықтың бір себебі елдің бірнеше аймақтарында орын алған егіннің шықпай қалуы болды. Осы жағдайға байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастады. Бұл саясат кеңес үкіметінің 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сайма-сай дәл келген еді. Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың аз деңгейде дамуына байланысты большевиктер қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етіп қойды. 1919-1922 жылдардағы Ақтөбе облысындағы аштықтың көрнісі туралы мұрағат құжаттары нені аңғартады. Сақталған құжаттарда Губатқару комитетенің төрағалары Ряхов, Назаров, Сердюковтардың ашаршылыққа қатысты Ленинге жазған хатында мынадай мәліметтер бар. Егіншілікті губерния қолға енді алып жатқанын, ал мал шаруашылығы мықты қиындықтарға кезігіп отырғанын көрсетеді. Малдардың ауруға ұшырап қырылып жатқанына мал дәрігерлердің жоқтығын басты мәселе етіп көрсеткен (Ақтөбе облыстық Губкомиссияның Орталық комиссияға баяндамасында).
Губкомиссияның орталыққа жіберген тағы бір баяндамасында «Ақтөбе губерниясы 2 жыл қатарынан астық пен жалпы шөптің шықпауынан зардап шегіп келеді. 1920 жылдары Темір, Ойыл аудандарында жалпы Ақтөбе губерниясының оңтүстік аудандарында астық пен шөп жәндіктердің зиянынан түгелдей жойылды. Сондықтан малдардың жаппай шығынына ұшырап, жергілікті халық нан өнімдерін мемлекет тарапынан көмек ретінде алды. 1921 жылы тағы егін егіліп, бірақ олда нәтиже бермеді, сол жылдың шілде айында елде тіпті нан өнімдері қалмағандықтан, болашақта қуаңшылықтың салдарынан ашаршылықтың болатынын білген жергілікті тұрғындардың кейбірі көшуге мәжбүр болды. Қазақтар (құжатта қырғыздар деп көрсетілген) Өзбекстанға (сол кездегі Хорезм республикасына), Түркістанға, орыстар Украинаға, өздерінің келген жақтарына қоныс аударды. Губернияда 23 пайыз халық көшіп кетті. Оның ішінде тек Қарабұтақ ауданында 75 пайыз тұрғын көшіп кеткен. 1921 жылы Ақтөбе губерниясында ашаршылыққа душар болған, көмекке зәру адамдардың нақты санын білу қиын болғанмен, губкомиссияның есептік мәліметі бойынша Ақтөбе губерниясында 15-27 қазан аралығында 116679 адамға жеткен. Олардың ішінде 26661 ересек адам, 89991 бала ашыққан. Оның 22077-сі қазақ ұлтынан, 94602 адам орыс ұлтынан. Олардың барлығы көмекке зәру жандар» делінген.
Осындай жағдайға байланысты арнайы Губкомиссия құрылып, ашаршылықта көмекке зәру жандарды есепке алып, оларға көмек қоры барысында жоспар құрылды, сонымен қатар, аудандардағы аш адамдарға қажетті азықты жеткізу жолдары қарастырылды. Губкомиссия 1921 жылдың қазан айында 300 бала мен 120 мүгедек адамды астықты губернияға көшірді. Сонымен қатар күніне 400 адам тамақтанатын балалар асханасы ашылды. Ақтөбе қаласында барлығы 500 орындық тамақтану орындары 1200-ге көбейтілді.
Шалқар мен Ырғыз аудандарына 1 вагон картоп жіберілді. Ырғызда екінші 500 адамдық тамақтану орны ашылды. Сонымен қатар ауданда балық аулауға биімдеу күрделі насихатталды. Темір ауданында 700 адамдық тамақтану асханасы ашылды. Ауданмен байланыс тым нашарлықтан нақты қанша адамның азықсыз екенін тап басып айту қиын болды. Ал, Шалқар ауданында аштыққа деген шағымнан басқа ешқандай мәлімет алу мүмкін болмағандығы құжаттарда көрсетілген. Ойыл ауданында 400 адамдық асхана ашылып, онда аш адамдар қатары 24754-ке жеткендігі көрсетілген. Аштықтағы адамдарды балық аулаушылыққа бейімдеу насихаты күрделі жүрді. Қарабұтақ ауданында 320 бас сиыры бар азамат 1 сиырды салық ретінде аштыққа ұшыраған халыққа көмек ретінде сойып беріп, ел басына түскен қиыншылықты бірігіп жеңуге тырысқан.
Орталық төтенше жағдай комитетінен 315 миллион рубль қаржы бөлініп, аш адамдарға көмек көрсетіледі. Аталған қаржы Ақтөбе қаласына, Темір, Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ, Ақбұлақ аудандарына бөлініп берілді. Сонымен қатар осы қаржыға Ақтөбе қаласында 100 адам түнейтін үй салынды. Мәскеуден 2 вагон бидай және Ташкенттен 1 вагон ұн, 1 вагон жеміс-жидектер, 2 цистерна мұнай жеткізіліп, губерния тұрғындарына таратылды.
1921 жылы 46 тамақтану асханасы ашылып, губерния бойынша 15043 адам осы асханалардан тамақтанған. Сонымен қатар Түркістанға 12785 ересек, 4209 бала, 1102 мүгедек жандар көшірілді. Барлығы 18096 адамға жетті.
Губерния тұрғындарының жағдайының аса қиын болғандығы соншалық, тұрғындар құстардың киелісі саналатын аққу, қайың ағашының діңгегін тамақ қылып, тіпті саз балшықтың кейбір түрлерін азыққа айналдырды делінген құжатта. Адам өлімі күн өткен сайын өсіп, Ақтөбе қаласында 1921 жылдың қараша айында 469 ересек адам, 320 бала қайтыс болды. Сонымен қатар ауруханада аштықтан 294 адам қаза тапқан. Жергілікті жерлерде аштықтан қаза болағандардың нақты санын белгілеу әрине мүмкін болмады. 1921 жылдың қараша айына дейін малдың 55 пайызы қырылды. Малсыз қалған тұрғындардың саны 75 пайызға өсті. Бұл дерек әрине ашатықтан бұратылған қазақ халқының санын өсуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.
1921 жылдың қараша айына дейін 87725 балалар, оның ішінде 28649 ересек адам аштықтың зардабын шеккен. Ал, 1921 жылдың шілде айында Қырғыз Орталық атқару комитетінің Мәскеуге жолдаған жеделхатында 5 губернияда ашаршылық белең алып бара жатқанын хабарлайды. Олар Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей және Адай губерниялары.
Нәубет жылдарының басында Ақтөбе губерниясының халқы саны 525249 адамды құрады. Олардың ішінде 291547 ересек адамдар, 233702 балалар болатын. Ашаршылыққа душар адамдардың 1920 ж. маусым айына нақты саны белгісіз, бірақ 1921 жылдың қаңтар айында шамамен 361051 адамға жетсе, олардың 97309 ересек адамдар, 263743 балалар болды. Аштықтағы азаматтарға көмек ретінде губернияның басқару бөлімі 640000 рубль қаржы бөлген. Сонымен қатар басқада азықтай және тұрмыстық көмектерін бөлді. Негізгі аштықтағы азаматтарға көмек көрсету губерния бойынша 1921 жылдың қараша айынан бастау алған болатын. Қараша айына дейін 21800 ересек адам, 6348 бала егінді алқаптарға көшірілді. Олардың ішінде өз еркімен қоныс аударғандар да кездесіп, бірақ олар эвакуация санағына енбей қалған.
Жергілікті тұрғындардың ішінде өлім мен науқастанудың басты мәселесі ашаршылық болды. Ақтөбе губерниясы бойынша 1922 жылы халықтың 50 пайызы өлімге, 28 пайызы ауруға ұшыраған.
1921 жылдың 1 желтоқсанына дейін Ақтөбе губерниясы бойынша 37140 адам үнемі азықпен қамтамасыз етілді. 1921 жылдың тамыз айы мен 1922 жылдың қаңтар айлары арасында Ақтөбе губерниясынан Түркістанға 10 мың адам, Орынборға 1000 адам экакуацияланды. Сонымен қатар Ақбұлақ және Жұрыннан 3907 адам Түркістан өлкесіне көшірілді. 1921 жылдың қараша айынан бастап Американдық балаларға көмек көрсету администрациясының (АРА) көмегі сұралып, қызметін Ақтөбе губерниясына ұсынды. 1921 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Америкалық ұйым балаларды тамақтандыруға кірісті. 1922 жылдың ақпан айында 25 мың құрғақ азық (паёк) бөлінді. Олар Ақтөбе қаласы бойынша -3000 құрғақ азық, Ақтөбе ауданына-6000, Ақбұлақ ауданына-7500, Темір ауданына-6500, Қосестек ауданына-2000 құрғақ азық бөлінді. Басқа аймақтардағы балаларға көмек көрсетуден Американдық ұйым мемлекет аралық қашықтыққа байланысты бас тартты.
Ақтөбе губерниясы Ойыл уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 16 шілдедегі шешіміне сәйкес, ауқатты және күйлі адамдар ашыққандардың белгілі бір бөлігін жатын жаймен, тегін тамақпен қамтамасыз етуге міндеттелді.
1922 жылдың қазан айында Ақтөбе губерниясының халық саны 57000 адам болды. Олардың көбін қырғыз яғни қазақ халқы құрады. Ақтөбе, Темір қалаларында аш адамдарға арналған 700 адамдық қонатын үй ашылды. 1922 жылы аш адамдар қатары 13000 дейін өсті. Қазан айы мен қараша айының ортасында адам өлімі 2 есеге көбейген. Аталмыш айларда Ақтөбе қаласында коммунбөлімде 496 адам мүрдесі, ауруханада-294, балалар үйінде -125 адам мәйіті шықты. Бұл тек арнайы мекемелердегі сандар. Ал қарапайым тұрғындардың өлім санағын жүргізу мүмкін болмады. 1922 жылдың көктемінде губерния халқының 50 пайызы эпидемияға, 28 пайызы өлімге душар болған. Аштықтың салдарынан эпидемиялық ауруға ұшыраған адамдар күн өткен сайын көбейген. Осыған орай губерния денсаулық сақтау бөлімі шағын бөлімшелерді көбейте бастаған.
Аштықтың әртүрлі себептерінен ата-анасыз қалған балалар саны өсті. Оларға арнайы губкомиссия балалар үйі мен асханаларды ашуды ұйғарды. Сонымен қатар балаларды егінді өлкелерге көшіру мәселесі қаралды.
1922 жылдың ақпан айында 30 мың 14 жасқа дейінгі бала мен 18 мың ересектер азықпен көмекке зәру жандар болды. Бұл жандарға Мемлекет тарапынан толықтай көмек көрсету мүмкін болмай отырғанын губкомиссияның баяндамасында көрсетілген және бұл азғантай көрсетілген көмек көптеген адам өмірінің шығындарынан құтқармайды. Губернияда аштықтан эпидемиялық ауруға шалдыққандар қатарына көмек көрсету мүмкін емес, оларға дәрі-дәрмектің жетіспеуінен ауру адамдардың жаппай қаза табуына соқтырып отыр. Ақбұлақ ауданында ақпан айының өзінде халықтың 12 пайызы аштықтан қаза болса, Түйетөбе уезінің 50 пайызы аштықтан қырылды. Ақбұлақ ауданында күніне орташа 300 адам аштықтан қырылғаны құжатта тіркелген. Аталмыш ауданның ауылдарында адам мәйіттері сарай, үйлерде бұзылып жатқаны құжаттарда баяндалады. Басты себеп оларды жерлейтін адамдардың жоқтығына байланысты. Тамды, Қобда, Жиренқопа болыстарының кейбір ауылдарында тырысқақ (холера) және оба (чума) аурулары белең алған. Олар 48 сағат ауырып, кейін қаза табатыны медицинада белгілі. Шалқар ауданында тұрғындардың 50 пайызы аштықтан ауруға ұшырап, 20 пайызы қаза тапты делінген құжаттарда.
Бұл нәубетпен күресу жергілікті атқарушыларға аса қиынға соғып отыр. 1922 жылдың алғашқы айларынан түрлі ауруларға шалдыққан тұрғындардың саны күн өткен сайын қарқынмен өседі. Сонымен қатар көктемде су тасқыны қарсаңында шалғай ауылдарға 2 ай бойы қатынас азаяды. Сол себепті сырқат тұрғындарға қандайда көмек көрсетіп олардың ішінде опат болғандардың сандарын білу мүмкін болмады.
Ақтөбеде күн өткен сайын ашығып, жағдайы тым төмен ауруға шалдыққан адамдар қатары көбейген. Олар тек Ақтөбе губерниясы емес, көршілес жатқан губерниялардан, мысалға 1922 жылы 300 адам Орынбор губерниясының Орск ауданынан келіп түскен.
1922 жылдың қаңтар айында барлығы 361051 адамға жетті. Бұл дегеніңіз барлық губерния бойынша 65 пайыз халықты құрайды. Әрине бұл тек ресми деректер бойынша санақ. Осы аштыққа душар болған жандардың 20 мыңы ғана мемлекет тарапынан бір мезгілдік құрғақ азықпен қамтамасыз етілді.
Қыс мезгілінде болыстар мен ауылдарға азық-түлік жеткізу тым ауырға соқты. Ақтөбе, Ақбұлақ, Мартөк, Жұрын және Шалқарда азық-түлік қоймаларынан азық ауылдарға жіберіліп тұрды. Дегенменде бұл қоймаларға айына 2 рет азық түлік жеткізілетін, бірақ 1922 жылдың алғашқы айында азық-түлік 3 аптада бір жеткізілген, олда өте аз мөлшерде болған.
1922 жылы Ақтөбеде – 359326, Адай уезінде – 75 мың адам аштан бұратылды. Мүрделер өзен бойында, ауыл арасында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жан түршігетін құбыжық көрініс еді.
Елді мекендердегі мешіт, шіркеулердің бұйымдары жиналып, оларды Мәскеуге мемлекеттік қоймаға жіберілді. Бұл бұйрық губерния төрағасы Ряховқа 1922 жылдың 24 сәуірінде келген бұйрық болатын.
Ақтөбенің Ырғыз, Шалқар және Ойыл аудандарынан аштық азабынан құтқарылу үшін жаппай көшу белең алды. Әрине ол жаппай көшуді санаққа алу мүмкін болмады. Олардың көбі жаяулап көршілес мемлекеттерге аттанды.
1922 жылдың қараша айында Ақтөбе халықының 50 пайызы аштыққа ұшырады, ол шамамен 285000 адамды құраған. Бұл дерек губтөрағаның баяндамасында берілген болжам. Бұған дейінгі халық шығынымен қоса бұл дерек тұрғындардың 70 пайызы аштықтан бұратылатыны белгілі болған.
1923 жылдың маусым айындағы есеп бойынша аштыққа 14 жасқа дейінгі балалар саны 18049, ал ересектер қатары 21429-ды құрады. Маусым айында Ақтөбе қаласы бойынша 13480 адамды тамақтандыруға мүмкіншілік болды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды.
Отызыншы жылдардағы аштық. Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин (1925-1933) елді индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын тездетті. Соның салдарынан қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы күйзелді, қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, сол кезде 40,5 млн.-дай мал басы 4,5 млн-ға қысқарғаны белгілі. Оның үстіне ауа райының қолайсыздығы мен аштықтан босқан халықтың 24 пайызы, яғни әрбір төртінші адам қазаға ұшыраған.
1928-1932 ж.ж. бірінші бесжылдық тұсында қазақ байларын тәркілеу саясаты күшіне еніп, кеңестік билікке қарсы «әлеумметтік қауіпті элементтерді» іздестіруге, оларды күштеп жер аударуға ұласты. Әсіресе, қазақ байлары, қазіргі меценаттары қудаланды. Ақтөбе облысы бойынша да байлар мен қазақтың зиялы азаматтарын қудалау көптеп кездесті. Алдындағы малын тартып алған жұрт жұтқа ұшырап, ел үдере көшіп нәубетті кезеңді бастан кешірді.
Облыс бойынша аштықтан бұратылып өлген адамдар саны күн өткен сайын артты. Аудандық милиция басқармасы (РУМ) 14 іс көтеріп, олардың ішінде 4373 аштан қырылған адамның мәйітін көмілгені көрсетілген.
Күнделікті адам өлімі ата анасының қарауынсыз қалған балалардың санын көтеріп отыр, облыста 1933 жылдың шілде айында 44 балар үйі жұмыс жасады. Онда ата-анасы аштықта қаза болған өздері мемлекет тарапынан көмекке зәру жас балалардың саны 8237 жанға жеткен. Сонымен қатар қараусыз туысқанына берілген 545 жас балаларда кездеседі.
1933 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша облыста 4373 адамның мәйіті жерленген. Бұл әрине тек милицияның 6 айлық ресми деректері.
Аштықтың қиындығынан айла тауып шығудың амалын іздеп тұрғындар көне былғарыларды қайнаған суға жібітіп, оны азық ретінде қайнатып сорпа әзірлеуге де қолданған.
Адам төзгісіз ашаршылық азабы халықты өзін өзіне қол жұмсауға және адам өлтіріп, адам етімен тамақтануға мұқтаж етті. Ойыл ауданы бойынша 3 және Темір ауданы бойынша 1 адам жеу фактісі тіркелді.
Ақтөбе облысының Қостанай ауданының Зуев ауылында 34 жасар ер адам 2 жасар қызды балтамен өлтіріп, оның етін азық еткен. (сол жылдары Қостанай ауданы Ақтөбе облысының қарамағында болды)
Ақтөбеде кедей азаматша және оның 36 жастағы жолдасы тамақтану пункітінен 2 қыз баланы алдап алып шығып, өзен жағасындағы қалың бұтақтар арасына апарып мойыздап, етін жейді. Етінің бір бөлігін базарға сату үшін апарған кезінде ұсталып, екінші қыз бала жауыздықтан құтқарылады. (Специальные записки, политдонесения о политике в районах области «Спецзаписка» 20.07.1933 год).
Ойыл ауданы бойынша бір айда 520 адам аштан бұратылып өлген. Аудан бойынша 876 отбасы азыққа мұқтаж. №7 ауылдың тұрғындары жан сақтау үшін адам мәйітін азық ретінде қолданғанын жасырмайды. Ауданда 3 адам мәйітін жегені тіркелген.
Темір ауданының 6 ауылы бойынша 10 отбасы түгелімен қырылған. Олардың ішінде 28 адам, аудан бойынша 147 отбасы аса қауіпті жағдайда. Осындай қасірет адам жеуге дейін жеткізіп отыр. Ақпан, наурыз айының қасіретінен аудан бойынша 13 адамды жеу оқиғасы тіркелген.
Міне, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы ұлы ашаршылық келбеті мұрағат құжаттарында осындай! Мұндай зұлмат жылдардағы ел қасіретін алаштың арысы- Бейімбет Майлин келер ұрпаққа «Күлпаш» повесімен жеткізген болатын. Қазақтың айрандай ұйып отқан талай отбасы түгелдей ашаршылық қасіретінде аштан бұратылып ізсіз ғайып болды. Мұндай қасіретті тарихты, 31-мамырда ашаршылық құрбандарын әрқашан еске алып отыру бүгінгі және кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы басты борышы.
(Мұрағатта сақталған құжаттардың деректері бойынша әзірленді.)